Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының тұрғыны газ баллонымен көпқабатты тұрғын үйді жару қаупі төндіргені үшін 16 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2 қыркүйекте болған. Мас күйіндегі Шахтинск тұрғыны көршілерін үркітіп, полиция келгенде есік ашудан бас тартып, балағаттай бастаған.
Қауіп-қатерге байланысты төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері шақыртылған. Мамандар қажет болған жағдайда үй тұрғындарын эвакуациялауға дайын болған.
Біраз уақыттан кейін ер адам есікті өзі ашқан. Алайда ұстау кезінде полиция талаптарына бағынбаған.
Нәтижесінде тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Сотта ер адамның кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, куәгерлердің айғақтарымен және істің басқа да материалдарымен расталған. Сот өкінуді жеңілдететін мән-жай деп таныған.
«ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігі бойынша оған ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулік қамау, ал ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі бойынша полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін тағы бір тәулік тағайындалды. Түпкілікті жаза 16 тәулік әкімшілік қамау болды», — деп хабарлады Шахтинск қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ер адамға қатысты үш айға мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіленді. Оған алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынды. Сондай-ақ ол айына үш рет Шахтинск полиция бөліміне профилактикалық әңгімелесуге келуі керек.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін «Курсив» қарағандылықтың газ құбырын жұлып алып, көпқабатты үйді жару қаупін төндіргенін хабарлаған болатын.
