Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда құрметті де күрделі мамандық иелері – шахтерлер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, еліміздің тау-кен өндіру саласында 145 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұлар – жер асты шахталары, кеніштер мен ашық карьерлердегі жұмысшылар.
Шахтерлерді әлеуметтік қолдау
Шахтерлерді әлеуметтік қолдау аясында жасына және еңбек еткен жылдарына байланысты бұрын тағайындалған зейнетақылар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10%-ға арттырылды.
"Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді", - делінген министрлік хабарламасында.
Қолдаудың қосымша шаралары кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында көзделген.
Сала ардагерлеріне қолдау
Мемлекет тарапынан сала ардагерлеріне де әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктер ұсынылады. Олардың жалпы саны 13 мыңнан асады, оның ішінде 400-ден астамы – "Шахтер даңқы" белгісінің толық кавалерлері.
