Қазақстанда шағын жинақты мектептерде жасанды интеллектіні енгізуге арналған пилоттық жоба басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Пилоттық жоба 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарының мектептерінде іске қосылды.
Ресми хабарламада аталған жобаның мақсаты мен мүмкіндіктері нақтыланған.
«Жасанды интеллект оқушыларға жеке тапсырмалар таңдауға, оқу нәтижелерін талдауға және білімдегі олқылықтарды анықтауға көмектеседі. Бұл ретте мұғалімнің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді», — делінген ресми хабарламада.
Жобаны алдымен 500 шағын жинақты мектеп іске асырып көреді. Ал 2029 жылға дейін 2,5 мың мектептің барлығына енгізу жоспарланған.
Айта кетері, бұған дейін президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осы құжатта шағын жинақты мектептерге қатысты пилоттық жоба да бар.
