Астанадағы алып шолу дөңгелегінде қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай оның бейнесі бейнеленді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Композитордың LED-жарықтандыру технологиясы арқылы жасалған портретінің диагоналі 65 метрді құрайды және ол 53 мың пиксельден тұрады. Ауқымды бейне қаланың бірнеше тұсынан – Сарыарқа және Тұран даңғылдары, сондай-ақ Қорғалжын тасжолы жағынан анық көрінді.
Арнайы тақырыптағы бейнетрансляция композитордың шығармашылығына арналған мерекелік шаралардың бір бөлігі болды. Елордада Шәмші Қалдаяқовтың туған күні кең көлемде аталып өтті. Қаланың әр жерінде композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық акциялар, перформанстар және блиц-сауалнамалар ұйымдастырылды.
