Семейдің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Dala-SK құрылыс компаниялар тобының басшыларын үлескерлердің қаражатын заңсыз тарту ісі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Соттың анықтауынша, 2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы желтоқсанға дейін іс фигуранттары Ж. мен Н. Өскеменде үлескерлерден 1,5 млрд теңгеден астам қаражат тартқан.

Тергеу нұсқасы бойынша, ұқсас схема Семейде де қолданылған. 2023 жылғы мамырдан 2025 жылғы наурызға дейін Ж. мен Р. үлескерлерден тағы 1,5 млрд теңгеден астам қаражат алған.

Осылайша, заңсыз тартылған қаражаттың жалпы көлемі 3 млрд теңгеден асты. Сотталушылар заңсыз кәсіпкерлік және алаяқтық баптары бойынша сотталды.

Сонымен қатар, сот Irtysh Riverside тұрғын үй кешеніне қатысты эпизодты қарады. Іс материалдары бойынша, Ж. мен Р. 13 азаматпен пәтерлерді броньдау шартын жасасқан.

Бұл эпизод бойынша залал 193 млн теңгеден асты. Тергеу кезінде келтірілген залал толық өтелді.

Сот отырысында сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен расталды.

Айыпталушылар өз кінәсін мойындамады. Олар соттан өздерін ақтауды немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Істің басты фигуранты Ж. 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айырылып, 10 жыл мерзімге құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Алайда, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға байланысты жаза мерзімі 5 жыл 4 айға қысқартылды.

М. Қылмыстық кодекстің осыған ұқсас баптары бойынша 5 жыл бас бостандығынан айырылып, құрылыс саласында 10 жыл жұмыс істеуге тыйым салынды. Амнистиядан кейін жаза мерзімі 4 жылға дейін қысқартылды.

Н. Өскемендегі үлескерлік құрылысқа қатысты эпизод бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған пробациялық бақылаумен 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, осы эпизод бойынша залал мен азаматтық талаптардың болмауына байланысты ол амнистия бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Сот сондай-ақ жәбірленушілердің 11 азаматтық талабын қанағаттандырды. Ж. мен Р.-дан 149 млн теңгеден астам өндірілді. Сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу және басқа да шектеулер сақталды.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар ескерілген, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.