Семейде құтқарушылар құлаған құрылымдардың астында қалған ер адамға көмек көрсетті, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
112 пультіне құрылыс-жөндеу жұмыстары кезінде жеке тұрғын үйдің төбе жабындарының опырылғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері опырылған құрылымдардың астында қысылып қалған ер адамды шығарып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды.
ТЖМ жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертеді.
