Семей қаласында 22 жастағы студент Нұрасыл Жаңабаев өндірістік жарақат салдарынан қолынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 26 мамыр күні кешкі сағат 20:30 шамасында пеноблок шығаратын шағын өндіріс орнында болды. Нұрасыл өткен жазда да осы жерде жүк тасушы болып жұмыс істеген, ал биыл екі айдай цемент құю қызметін атқарған.
«Аппараттың үстінде тұрып цемент салып жатқанда аяғым тайып кетіп, қолым механизмнің ішіне кіріп кетті. Қолымды жұлып алып шықтым», – деді ол. Жас жігіттің қолы аппараттың ішінде қалып қойған.
Нұрасылдың айтуынша, сол күні әріптестері жұмыс уақытын аяқтап, үйге қайтуды ұсынған, бірақ ол жұмысты аяқтап кетейік деп қалып қойған. Ол жастарға қауіпсіздік техникасын толық меңгермей жұмысқа кіріспеуге кеңес береді.
Нұрасылдың анасы Гүлнәр Қамажанова ұлы жұмыс істеген орынды көргенде қатты шошығанын айтады. «Нұрасылдың қолын жұлып кеткен аппаратты көргенде жаным түршікті. Денсаулығы әлі толық қалпына келген жоқ, қолының орны ауырып, сыздайды», – дейді ол.
Нұрасыл Әлихан Бөкейхан университетінің дене шынықтыру мамандығында білім алып жүр. Университет басшылығы қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Анасы жұмыс берушіні сотқа беруді жоспарламаса да, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін атап өтті.
Заманауи қол протезінің құны шамамен 20–25 миллион теңгені құрайды, сондықтан студентке қаржылай көмек қажет. Қазіргі уақытта Абай облысының еңбек инспекциясы оқиға болған өндіріс орнында тексеру жүргізіп жатыр.
