Семейде жаңадан салынып жатқан құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға бұрынғы «Пищевик» стадионының аумағында болған. Қазіргі уақытта бұл жерде жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде сүйектердің адамдікі болуы мүмкін екенін және бұл жерде бұрын ескі зират болғанын айтып, қайда жүгіну керектігін сұраған.
Абай облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. 9 шілдеде Семей қаласындағы бұрынғы «Пищевик» стадионының аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары кезінде адам сүйектерінің қалдықтары табылған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жеткен. Табылған сүйек қалдықтары олардың шығу тегін және жерленген уақытын анықтау мақсатында сараптамаға жіберілді.
Полиция мұндай жағдайларда азаматтарға дереу ішкі істер органдарына хабарласып, полиция қызметкерлері келгенге дейін өз бетінше ешқандай әрекет жасамауды ескертті.
