Абай облысында Наурыз мейрамына орай «Семей көктемі» фестивалі өтіп, «Семейдің мәдени маусымдары» атты жаңа жоба басталды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Қарағайлы ықшам ауданындағы республика алаңына сахна орнатылып, киіз үйлер тігілді. Фестиваль театрландырылған қойылыммен ашылып, көпшілік Амал мерекесімен көрісіп, аластау рәсіміне куә болды.
Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтап, «Наурызнама» онкүндігінің маңызына тоқталды.
««Төл мерекемізді тойлаудың мазмұнын идеологиялық мәнмен байыта түсу үшін Мемлекет басшысы мақұлдаған «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта – Наурызнама онкүндігі аясында өткізілуде. Бұл онкүндіктің басты мақсаты – Наурыз мейрамын тек бір күндік думан емес, тұтас бір ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру», – деді аймақ басшысы.»
—
Облыс әкімі өңірдің мәдени өміріне серпін беретін «Семейдің мәдени маусымдары» жобасының басталғанын жариялады.
««Жоба аясында өңіріміздегі мәдени шаралар жылдың төрт мезгіліне сәйкес ұйымдастырылады. Яғни, «Семей көктемі», «Семей жазы», «Семей күзі», «Семей қысы» арқылы халқымыздың өнері мен мәдениеті жаңа мазмұнда насихатталатын болады. Біздің жобамыз хакім Абайдың «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс» жырларынан тамыр тартады. Сондай-ақ бүгін осы алаңда көк туымыз тұғырына көтерілді, ол енді үнемі осы жерде желбіреп тұрады», – деді Берік Уәли.»
—
Сонымен қатар аймақ басшысы Семейді көркейту жұмыстарының қарқыны артатынын айтты. Биыл қалада 100 аула абаттандырылып, тағы сонша аулаға асфальт төселмек. Бұдан бөлек, 100 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 100 көше жарықтандырылады. Былтыр бұл көрсеткіштер әлдеқайда аз болған: 35 аула абаттандырылып, 40 аула асфальтталған еді.
Мерекелік шара соңы өңір өнерпаздарының концертіне ұласты. «Наурызнама» аясында облыста жалпы 300-ден астам мәдени, әлеуметтік және спорттық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.
