Семейде автомойка маңында газовоз жарылып, өрт шыққан оқиғадан екі адам зардап шекті. Оның біреуі — 45 жастағы полицей — реанимацияда жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы бөлімінің меңгерушісі Дарын Бақтыбаевтың айтуынша, полицейдің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Оған екінші және үшінші дәрежелі күйік диагнозы қойылған, денесінің шамамен 25-30 пайызы зақымданған.
«Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Оған екінші және үшінші дәрежелі күйік диагнозы қойылды, денесінің шамамен 25-30 пайызы зақымданған. Екінші науқас хирургиялық бөлімшеге жатқызылды, оның жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда», — деді Бақтыбаев.
Екінші зардап шеккен адам — газовоз жүргізушісі. Екі ер адам да оқиғадан кейін ауруханаға жатқызылды.
Жарылыс 22 қыркүйек күні кешке Сосновая көшесіндегі автомойка маңында болды. Алдын ала деректер бойынша, газ-ауа қоспасы тұтанып, одан кейін газовоз жарылған. Өрт бір қабатты автомойка ғимаратын шарпып, көршілес екі жеке үйге тараған.
Үйлердің біреуі толығымен өртеніп кетті. Шатыр құлаған сәтте іште адам болмаған. Екінші үй ішінара қираған.
Куәгерлер телеарнаға жарылыстан кейін адамдардың жан-жаққа қаша бастағанын айтты. Өрттің себебі анықталуда, сараптама тағайындалды. Жұмыс тобы келтірілген шығынның сомасын есептеп жатыр.
