Семейде ер адам тұрғын үйдің кіреберісіндегі бейнекамера мен домофонды қасақана сындырған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Семейде домофон мен камераны сындырған тұрғын 20 тәулікке қамалды.
Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
"Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтады. Ол 48 жастағы жергілікті тұрғыны болып шықты. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткі заттарын қолданғаны расталды", — деп жазылған хабарламада.
Ер адам мүлікті қасақана бүлдіргені, ұсақ бұзақылық жасағаны және есірткі заттарын медициналық емес мақсатта пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Домофон мен бейнебақылау камералары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған. Мұндай ортақ мүлікке зиян келтірген адам міндетті түрде заң алдында жауап береді, дейді полицейлер.
