Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы әйелін битамен ұрып өлтірген ер адамға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға биыл 17 сәуірде болған. Сотталушы үйдің ауласында мас күйінде отырғанда бұрынғы жұбайын қызғанып, ағаш битаны ала жүгірген. Әйел қашып кете алмай, ауыр соққылардан оқиға орнында қайтыс болған.
Сотта басбұзар кінәсін толығымен мойындап, адам өлтіргеніне өкінетінін жеткізді. Ал марқұмның ағасы жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды.
Судья бұрынғы жұбайын өлтірген ер адамды кінәлі танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Оған қоса, жәбірленушінің пайдасына 10 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сондай-ақ, Семей қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органына сотталғанның кәмелетке толмаған екі балаларына әрі қарай ресми қорғаншылық және қамқоршылық орнату мәселесін шешу жүктелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
