Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев «Семей орманы» қызметкерлерінің қазіргі жалақысы туралы мәлімет берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үш жыл бұрын «Семей орманы» аумағында алапат өрт шығып, төтенше жағдай салдарынан 14 орманшы қаза тапқан еді. Осы қайғылы оқиғадан кейін саладағы ескі техникалар мен жалақы мәселесі көтерілген болатын.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы үш жыл ішінде орман шаруашылығы мекемелеріне екі мыңнан астам техника сатып алынған. Сонымен қатар қызметкерлердің жалақысы да өскен.
Атап айтқанда, орман өрттерін сөндіруге қатысатын мамандардың еңбекақысына 100 пайыздық үстемеақы қосылған. «Мәселен, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі еңбек өтіліне байланысты орта есеппен 275 мың теңге алады. Орман өртін сөндіру станциясының бастығы – 355 мың теңге, ал орман өртін сөндіруші орта есеппен 250 мың теңге жалақы алады», – деді Шәрбиев үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, орман шаруашылығындағы мемлекеттік инспекторлардың жалақысы бұдан да жоғары. «Әкімшілік құрамдағы қызметкерлердің, оның ішінде бухгалтерлер мен экономистердің жалақысы өзгерген жоқ. Олар 150–160 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға тартылатын қызметкерлердің де айлығы көтерілген жоқ. Дегенмен, «Семей орманы» мекемесінде үнемделген қаражат есебінен қосымша төлемдер қарастырылған», – деп атап өтті вице-министр.
Айта кетері, өткен жылы Семей орманы резерватындағы өртке байланысты жауапты лауазымды тұлғалар сотталған болатын.
