"Семей орманы" аумағында прокурорлар жүргізген рейдтер барысында 30-дан астам заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде ағаштарды заңсыз кесудің 6 фактісі анықталды.
Оның 3 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталса, қалған 3 фактісі бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды.
Сонымен қатар 20 орамда орман дайындау жұмыстары тоқтатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып техниканы пайдаланудың 5 фактісінің жолы кесілді. Оның ішінде ұшқын сөндіргішсіз техниканы пайдалану фактілері де бар.
Бұдан бөлек, 20-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, мемлекеттік тіркеу нөмірлерінсіз техниканы пайдалану, сондай-ақ көлікті алкогольдік масаң күйде басқару фактілері бар.
Анықталған барлық заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды.
