Алматы-Шымкент рейсі ауа райының күрт нашарлауына байланысты Таразға шұғыл қонды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға SCAT әуе компаниясы. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Ұшақ қонуға жақындаған кезде жел 24 м/с-қа дейін күшейіп, қатты жаңбырмен бірге найзағай ойнады. Осыған байланысты экипаж Тараздағы қосалқы аэродромға бағытты өзгерту туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады компания.
Бір жарым сағаттан соң ұшақ Тараздан Шымкентке аттанды. Жолаушылардың бірі видео жариялап, әлеуметтік желіде ұшақ Шымкентке жақындаған кезде турбуленттіліктен қорқып, борттағы адамдардың жартысына жуығы ұшуды жалғастырудан бас тартқанын жазды.
«Ұшақ 15 минуттай қатты шайқалды. Біз жерге жақындап қалдық, сондықтан көптеген жолаушылар шошып кетті. Біреулер жылап, дұға етті, ал басқалары сабырлы болуға тырысты. Бортсеріктер жолаушыларды үрейленбеуге шақырып, жағдайдың бақылауда екеніне сендірді. Ұшқыштар үлкен кәсібилік көрсетіп, жағдайды бақылауға алып үлгерді», - деді ол.
