Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грантқа түсе алмай қалған талапкерлер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік грант жоғары білімге апаратын жалғыз жол емес. Ол өз желідегі парақшасында Қазақстанда қосымша қолдаудың тұтас жүйесі бар екенін атап өтті.

Қосымша гранттар мен бағдарламалар

Биыл университеттер 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынды. Тағы 2000-нан астам білім грантын әкімдіктер бөлді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары бар.

Сондай-ақ "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынады. KAZENERGY, "Қазатомөнеркәсіп" және басқа да ұйымдар өздерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

Бос гранттар мүмкіндігі

Министр көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндікті атап өтті: оқуға қабылданғаннан кейін жыл сайын мемлекеттік гранттардың бір бөлігі босайды. Сонымен қатар оқуын ақылы негізде бастап, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін бос білім гранттарына үміткер бола алады.

Ата-аналарға кеңес

Саясат Нұрбек ата-аналарға да арнайы кеңес берді. Ол: "Егер балаңыз грант ала алмаса, дәл бүгін оған сіздің қолдауыңыз бұрынғыдан да қажет болуы мүмкін. Оның орнына университеттердің тізімін бірге қарап, қабылдау комиссияларына хабарласыңыздар, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы біліңіздер. Келесі жолды бірге іздеңіздер", - деді.