«Борат» кейіпкерінің авторы, актер Саша Барон Коэн 20 жылдан кейін алғаш рет қазақстандықтардан кешірім сұрады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Коэн Happy Sad Confused подкастында сұхбат беріп, Борат кейіпкерінің шығу тарихын және неге Қазақстанды таңдағанын айтты. Оның сөзінше, әуелде Борат Албаниядан шыққан болуы керек еді. Кейіпкер BBC үшін жасалған, ал жоба HBO-ға ауысқаннан кейін комикке американдық аудитория аз білетін басқа ел керек болды. Осылайша таңдау Қазақстанға түсті.

«Мен алғаш рет Қазақстан халқынан кешірім сұрағым келеді, өйткені Бораттың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан, қазақстандықтар, егер сіздердің біреулеріңіз ерекше тапсырма алып, осында нақты миссиямен келген болсаңыз, одан бас тартуыңызды сұраймын. Мен ешкімге зиян келтіргім келмеді. Мен сіздердің халқыңызды және мәдениетіңізді құрметтеймін. Өтінемін, мұны өздеріңізге жеке қабылдамаңыздар», — деді Коэн көрермендер алдында.

Коэн сондай-ақ қазақстандық елшіліктің кейіпкерге қатысты реакциясын еске алды. Оның айтуынша, ел өкілдері Бораттың мұртына назар аударып, қазақстандықтар олай көрінбейтінін айтқан.

«Кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізді жеткізе алмаймын, өйткені сіздердің қалай сөйлейтініңізді білмеймін. Сіздер Боратқа мүлдем ұқсамайсыздар. Қазақстан Моңғолияға жақын, бірақ сіздер мүлдем басқасыздар», — деді актер.

Коэннің сөзінше, Борат туралы әзілдер Қазақстанға қатысты емес, адамдардың хабардар болмауымен байланысты болды. Ол оларға өздері дерлік білмейтін ел туралы ойдан шығарылған әңгімелер айтып берген.

Еске салайық, «Борат» фильмі 2006 жылы шығып, Қазақстанда ел мен тұрғындардың бейнесіне байланысты сынға ұшыраған болатын. Басты кейіпкер — АҚШ-қа аттанып, абсурдтық жағдайларға тап болатын ойдан шығарылған қазақстандық журналист.

Сонымен қатар уақыт өте келе Борат бейнесі Қазақстанды насихаттау үшін де қолданыла бастады. 2020 жылы Kazakh Tourism кейіпкердің танымал сөзін ойнап, «Very Nice!» ұранымен науқан бастаған.

Алайда фильм шыққаннан кейін 20 жыл өтсе де, барлық қазақстандықтар Боратты зиянсыз әзіл ретінде қабылдауға дайын емес. 2026 жылдың шілдесінде қазақстандық Shoqansuits ерлер киімі бренді кейіпкер қатысқан жарнама жарияланғаннан кейін бойкотқа шақыруларға тап болды. Бұл туралы толығырақ Kursiv LifeStyle жазған болатын.