Атырау қылмыстық сотында төрт адамды өлтіру ісі бойынша сотталушы Сұлтан Сарсемалиев сот жарыссөзінде сөз сөйледі. Бұған дейін прокурор Мирас Бауыржанұлы оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Айыпталушы өзінің соттың кез келген шешіміне толық дайын екенін, бірақ трагедияның жасырын себептерін зерттеуді сұрады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарсемалиев Алматы әуежайында ұсталғаннан кейін бірден кінәсін мойындағанын және жауапкершіліктен қашпайтынын атап өтті. Ол тергеудің барлық кезеңдерінде тұрақты көрсетпелер бергенін және мемлекеттік айыптаушының ұстанымын дауламайтынын, алайда қоғам оның уәждерін естуін қалайтынын айтты.

Сотталушының айтуынша, оны қылмыс жасауға өз балаларын қорғау ниеті итермелеген, ал туыстары оған қатты қысым көрсеткен.

«Мен мұны не үшін және қалай жасағанымды білемін. Мұны өзімді ақтау үшін емес, қылмыстық істі ашу үшін айттым. Мемлекеттік айыптаушының айтқанына қарсы емеспін. Сот тек қылмыстың салдарын ғана емес, оның себептерін де талдағанын қалаймын. Адамнан аң жасады. Осыған дейін мен ешқашан қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған едім. Мені бөтеннің ықпалымен өмір сүруге мәжбүрлегісі келді. Әйелімнің ауруы мен бес баланың дәрменсіздігін пайдаланып, мені шантаж жасағысы келді», — деді Сарсемалиев.

Айыпталушы бұл қадамға бес баласының «ата-анасыз қалмауы» үшін барғанын қосты.

Сотталушы өкіну мәселесіне жеке тоқталып, өзінің салқынқандылығы туралы мәлімдемелерді жоққа шығарды. Сарсемалиев «мемлекет пен Құдайдың заңдарын» бұзғанын мойындап, ешқашан кінәсін жоққа шығармағанын атап өтті. Ол кез келген қатаң жазаны қабылдайтынын қосты.