Әлемде Brent маркалы мұнай бағасы соңғы 18 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті, сарапшылар бағаның жыл соңына дейін түспейтінін болжап отыр, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Бейсенбі күнгі саудада Dated Brent мұнайының бір баррелі 141,37 долларға дейін шарықтады. Мұндай баға соңғы рет 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде тіркелген еді.
Қазір Brent фьючерстері шамамен 107 доллардан сатылуда. Ормуз бұғазының бір айдан астам уақыт жабық тұруы нарықтағы тапшылықты одан сайын ушықтырып, инвесторларды қолда бар шикізатты таласа-тармаса алуға мәжбүр етті.
««Бағаның кенеттен өсуі – фьючерстік келісімшарттар мен тапшы тауарлардың құнын белгілейтін нақты нарық арасындағы алшақтықтың ұлғайып бара жатқанын көрсетеді», – деп жазады Bloomberg.»
—
Citi және JP Morgan сарапшылары мұнайдың әлемдік бағасы кем дегенде 2026 жылдың соңына дейін жоғары деңгейде сақталады деп есептейді. Citi болжамы бойынша, жылдың екінші жартысында Brent мұнайының орташа бағасы негізгі сценарий бойынша 95 доллар, ал дағдарыс күшейсе, 130 долларға жетуі мүмкін. Сарапшылар бұл соңғы шек емес екенін ескертеді.
