Саясаттанушы Дулат Бакшиевтің пікірінше, әлемдік геосаясаттың тағдыры дәл қазір Ормуз бұғазында шешіліп жатыр. Қытай бұл аймақта АҚШ-тың көпжылдық үстемдігіне балама ұсынып, жаңа ойын ережесін орнатуға көшті, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, соңғы күндері Иран бұғаздан тек Қытайдың екі танкерін ғана өткізген. Бұл – кездейсоқтық емес. Тегеран мұнай экспортының 90%-ын Бейжіңге бағыттайды және екіжақты келісім арқылы Қытай дағдарыстан оңай шығып, халықаралық саясатта маңызды жеңіске жетуі мүмкін.

«Егер бәрі Қытайдың ойындағыдай болса, АҚШ ғана емес, енді басқаларға қауіпсіздік кепілдігін Қытай да бере алатын болады. «Ормуз формуласы» басқаларға да үлгі болады.»

80 жыл бойы әлемдік теңіз жолдарын АҚШ-тың әскери-теңіз флоты бақылап, мұны «ғаламдық тәртіп» деп түсіндіріп келді. Алайда сарапшы АҚШ Президенті Дональд Трамп Биньямин Нетаньяхуды Израиль сотынан құтқару үшін Иранға шабуыл жасап, сол «ережелерді» өзі бұзды деп санайды. Оның үстіне, Бейжің қазіргі соғысқа қажетті стратегиялық металдың 90%-ын өз бақылауында ұстап отыр.

Ормуз бұғазындағы тұрақсыздық пен мұнай тасымалының бұзылуы (әсіресе, Қатар мен Кувейттен) әлем экономикасына ауыр соққы болып жатыр. Бакшиевтің сөзінше, ол тұрып жатқан Оңтүстік Кореяда нарықтағы өзгерістер қоғам тұрақтылығына қауіп төндіре бастаған. Сондықтан көптеген ел АҚШ-тың теңіздегі гегемониясына балама іздеуге мәжбүр.

«Израиль «Хамасқа» ие бола алмай жатқанда, Иранды қалай бағындырмақ?! Қазір «Хезболла» Солтүстік Израильді атқылап жатыр. Қайдағы жеңіс?»

Саясаттанушының ойынша, АҚШ-тың өз ішінде «Біз Нетаньяху үшін соғысып жатырмыз» деген наразылық күшейген. Ол келесі президенттік сайлауда бұл үлкен мәселеге айналып, Израильге қолдау азаюы мүмкін екенін болжайды. «Бейжің ұтып, Вашингтонның ұтылғаны бізге де керек емес. Бізге теңгерім қажет. Орта Азияның мүддесі осы», – деп түйіндейді сарапшы.