Егер Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі қазіргі 13%-дан 18%-ға дейін өссе, бюджет тапшылығы 30%-ға немесе шамамен 1 триллион теңгеге қысқарады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Сайда Тілеуленованың пікірінше, бұл көрсеткіш экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтудың негізгі жолы болмақ. Қазіргі таңда Үкімет 2030 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің үлесін 15%-ға, ал 2035 жылға дейін 18-20%-ға жеткізуді көздеп отыр.

««Неліктен өңдеу саласына баса назар аударылады? Себебі қызмет көрсету мен сауда экономиканы сандық тұрғыдан ұлғайтқанымен, тұрақты негіз қаламайды. Ал өңдеу өнеркәсібі қосымша құны жоғары өнім, технологиялық мамандану және ұзақмерзімді жұмыс орындарын құрады», – дейді сарапшы.»

Бүгінде Қазақстан экономикасының негізін мұнай-газ секторы (ЖІӨ-нің 17-20%-ы) мен металлургия құрайды. Еліміздің жалпы экспорты 78-80 млрд доллар болса, оның 55-60%-ы мұнай мен мұнай өнімдеріне, тағы 15-20%-ы металл мен кенге тиесілі. Өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспорттың тек 15%-ын ғана құрайды.

Сайда Тілеуленованың есебінше, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 18%-ға жетсе, бұл саладан түсетін экспорттық кіріс қазіргі 12 млрд доллардан 17-18 млрд долларға дейін артады. Бұл өз кезегінде экспорттағы мұнай үлесін 45-50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл көрсеткіш экономикаға қосымша 6-6,6 трлн теңгенің өнімін береді. Осыдан бюджетке салық және басқа да төлемдер түрінде жыл сайын 0,7-1,1 трлн теңге қосымша кіріс түсуі мүмкін. Бұл қазіргі 3,5-3,6 трлн теңгені құрайтын республикалық бюджет тапшылығының шамамен 20-30%-ын жабуға жетеді.

Алайда бұл мақсатқа жету жолында бірнеше кедергі бар. Олардың қатарында жоғары базалық мөлшерлемеге (16-18%) байланысты несиенің қымбаттығы, инженерлік-техникалық мамандардың (30-40 мың адам) тапшылығы және STEM бағытындағы түлектер үлесінің 25%-дан төмен болуы сияқты мәселелер тұр.

Фото: ЖИ