АҚШ-тың жоғары шенді генералдары Иранға қарсы ықтимал соғыстың барысын талқылап, америкалық әскер үшін жағдайдың мәз емесін мойындады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

CNN арнасында сөйлеген сарапшылардың айтуынша, АҚШ-тың әуе күштері өз міндетін мүлтіксіз атқарғанымен, теңіз флоты географиялық кедергілерге байланысты Иранға тиімді қарсылық көрсете алмай отыр.

Иран ассиметриялық соғыс жүргізудің шебері екені белгілі болды. Тегеран бірден АҚШ пен әлемнің ең осал тұсы – Ормуз бұғазын нысанаға алған. Бұл маңызды су жолын толық бақылауға алмай, Вашингтонның жеңіске жетуі екіталай.

Ормуз бұғазының қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайтындықтан, мұнай тасымалы тоқтап тұр. Жағдайды өзгерту үшін АҚШ-қа Батыс елдерінен коалиция құрып, Иран жеріне әскер кіргізу керек. Алайда бұл үлкен тәуекелге баратын қадам және оның нәтижесі белгісіз.

Осы мәселеге қатысты саясаттанушы Дулат Бәкішев өз ойын ортаға салды.

«Иранды енді АҚШ пен Израиль жеңе алмайды. Тегерандағы билік тұрақтылығын жоғары лауазымды тұлғалардың қазасы да шайқалта алмады. Бұл соғыс келіссөзбен аяқталуы керек, себебі Иран бас имейді. Соғыс ұзаған сайын АҚШ-тың әлемдегі беделіне нұқсан келеді. Қазір соққылар Израильге де тиіп жатыр. Қауіпсіздік болмаса, болашақта халық ол жақтан да көшуі мүмкін. Соғысты тез арада тоқтату керек, бірақ бұл оңай емес. Ақыр соңында АҚШ Иранның негізгі талаптарын қабылдауға мәжбүр болады деп ойлаймын.»