Астанадағы Сарайшық көпірінде екі адамның өліміне себепкер болған ер адам бес жылға сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот материалдарына сәйкес, Қ. есімді жүргізуші Сарайшық көпірі арқылы Момышұлы көшесіне қарай бара жатып, жол жағдайын ескермеген және көлік жылдамдығын төмендетпеген. Салдарынан ол көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

«Салдарынан жүргізуші С.-ның басқаруындағы автокөлікпен соқтығысып, сол көлікте болған екі жолаушы қаза тапқан», - деп жазылған хабарламада.

Сот оның кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне шын жүректен өкінгенін және жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтегенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Сондай-ақ марқұмдардың туыстарынан кешірім алғаны анықталды.

Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Осыны ескере отырып, сот Қ.-ны кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын кесті. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.