Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымы Сара Назарбаеваның денсаулығы күрт нашарлап, ауыр инфаркт алғаны белгілі болды. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі Айдос Үкібай ресми мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Айдос Үкібайдың айтуынша, Сара Назарбаева осы жылдың сәуір айынан бастап Алматыдағы Президенттің Іс басқармасына қарасты Ұлттық госпитальде ем қабылдаған. Дәл сол кезеңде ол ауыр миокард инфарктын бастан өткерген.

Дәрігерлер оған бірнеше күрделі диагноз қойған: жүректің ишемиялық ауруы, қант диабетінің ауыр түрі, өкпе және үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі.

Аурудың асқынуына байланысты ол ұзақ уақыт бойы жасанды тыныс алу және «жасанды бүйрек» аппараттарына қосылуға мәжбүр болған.

Қазіргі таңда Сара Назарбаева үйінде, бірақ дәрігерлердің тұрақты бақылауында екені хабарланды.

Фото: Әлеуметтік желіден