Қазақстан Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғалардың салық берешегін өндіру кезінде пайдаланатын құжаттардың жаңартылған нысандарын бекітті. Өзгерістер 2026 жылғы 19 қазанда күшіне енеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Өзгерістер Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 29 қыркүйектегі бұйрығына енгізілді. Жаңа редакцияда салық берешегін өтеу туралы хабарлама мен оны өндіру туралы салық бұйрығының нысандары жаңартылды. Сондай-ақ осы құжаттарға шағымдану тәртібі нақтыланды.

Шағымдану тәртібі

19 қазаннан бастап азаматтар берешекті өтеу туралы хабарламаға немесе салық бұйрығына жоғары тұрған мемлекеттік кірістер органына шағымдана алады. Шағым беру үшін тиісті құжат тапсырылған күннен бастап үш ай уақыт беріледі.

Өтінішті хабарламаны немесе бұйрықты ресімдеген салық органы арқылы жіберу қажет. Бұл рәсім Қазақстанның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабымен реттеледі.

Шағымды алғаннан кейін мемлекеттік кірістер органы оны әкімшілік іс материалдарымен бірге үш жұмыс күні ішінде жоғары тұрған органға беруге міндетті. Салық органы өтініш берушінің талаптарын толық қанағаттандыратын шешімді өз бетінше қабылдаған жағдайлар ерекшелік ретінде қарастырылған. Онда шағымды әрі қарай жіберу талап етілмейді.

Азаматтар сондай-ақ ӘРПК-де белгіленген тәртіп пен мерзімдерді сақтай отырып, сотқа жүгіну құқығын сақтайды.

Бұрынғы нысандарда шағымдану туралы ережелер Салық кодексінің 199 және 200-баптарына сілтеме жасап, мемлекеттік кірістер органдары лауазымды тұлғаларының әрекетіне не әрекетсіздігіне қатысты болды.

Мәжбүрлеп өндіру тәртібі

Мәжбүрлеп өндіру тәртібі берешек сомасы мен оны өтеу мерзімдеріне байланысты.

Салық кодексінің 190-бабына сәйкес, егер жеке тұлғаның берешегі тиісті жылдың 1 қаңтарында белгіленген бір айлық есептік көрсеткіштен асып, хабарлама тапсырылғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде өтелмесе, салық бұйрығы шығарылады.

Егер азамат салық бұйрығын орындамаса, салық органы ол тапсырылғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей құжатты мәжбүрлеп орындауға жіберуге міндетті.

Бұйрық әділеттің аумақтық органдарына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына беріледі.

Хабарлама нысанында қандай деректер көрсетіледі

Жаңартылған хабарлама нысаны салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН және мекенжайы сияқты дербес деректерін көрсетуді көздейді.

Берешек туралы ақпарат әрбір салық бойынша жеке ұсынылады. Құжатта төлемнің атауы, бюджеттік сыныптама коды, 911 төлем мақсаты кодымен негізгі берешек сомасы және 912 кодымен есептелген өсімпұл көрсетіледі. Ақша аудару үшін мемлекеттік кірістер органының банктік деректемелері, оның ішінде БСН, банк атауы және алушының БСК-сі де көзделген.

Сонымен қатар салық төлеушілер кешіктірілген әрбір күн үшін өсімпұл есептелетіні туралы жеке ескертіледі. Оның есебі салық төлеудің белгіленген мерзімінен кейінгі күннен бастап Ұлттық банктің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесін қолдану арқылы жүргізіледі.

Салық бұйрығында қосымша тапсырылған күні, сондай-ақ бұрын жіберілген хабарламаның нөмірі мен күні көрсетіледі. Мемлекеттік кірістер органдарының автоматтандырылған цифрлық жүйесі қалыптастырған құжаттар тиісті жүйенің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

Жаңа нысандар 2026 жылғы 19 қазанда күшіне енеді.