1 наурыздан бастап Қазақстанда салық, банк және құқық салаларына қатысты бірнеше маңызды жаңа ереже күшіне енеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
2025 жылы оңайлатылған декларация, тіркелген шегерім немесе бөлшек салық сияқты арнаулы салық режимдерін қолданған кәсіпкерлер 1 наурызға дейін жаңа режим туралы хабарлама жібермесе, салық органы оларды автоматты түрде жалпыға ортақ салық тәртібіне ауыстырады. Бұл ретте жаңа тәртіп 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептеледі.
Сондай-ақ банк саласында да өзгерістер бар. Енді барлық коммерциялық банк тұрғын үй құрылыс жинақтарын тарта алады. Сарапшылардың пікірінше, бұл нарықта бәсекені арттыруы тиіс. Бұдан бөлек, тәуекелдерді басқару және клиенттердің құқығын қорғау жүйесі енгізіледі.
««Тұтынушылық несие беру талаптары қатаңдатылды: егер клиенттің мерзімі өткен қарызы болса, банк бас тарта алады. Бұл шаралар, ең алдымен, несие портфелінің сапасын жақсартуға және қаражатты кәсіпкерлік мақсаттарға бағыттауға арналған», – дейді R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.»
—
Отбасы құқығына қатысты заңнамаға да өзгерістер енді. Енді ажырасу кезінде мүлікті бөлуге қатысты даулар бойынша үш жылдық талап қою мерзімі неке бұзылған күннен емес, мүліктік құқық бұзылған сәттен бастап есептеледі. Алиментке қатысты ережелер де жаңартылды.
««Бұрын, мысалы, шетелде тұратын адамның табысын анықтау өте қиын болатын. Ол мұнда тұрмағандықтан, оған өңірдегі орташа жалақы мөлшері қолданылмайтын. Енді сот ондай азаматтарға қатысты алиментті нақты ақшалай сомада белгілейтін болады», – деп түсіндірді адвокат Евгений Яворский.»
—
Сонымен қатар 1 наурыздан бастап дәрігерлерге күш көрсету немесе қорқыту үшін жаза қатаңдайды. Қылмыстың ауырлығына қарай ірі көлемде айыппұлдан бастап, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуылдың жиілеуіне байланысты қабылданды.
««Кейде дәрігерге зиян келтіру ниеті жақын адамынан айырылумен немесе емдеудегі мәселелермен байланысты болады, бірақ бәрі заң аясында шешілуі керек. Дәрігер – құдай емес, ол ауруды әрдайым жеңе алмайды. Осыны түсіну маңызды. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде өзекті», – деді денсаулық сақтау сарапшысы Вячеслав Локшин.»
—
Ал наурыз айының басты саяси оқиғасы – жаңа Конституция бойынша өтетін референдум. Қазақстандықтар өз таңдауын 15 наурызда білдіре алады.
