Ресей Мемлекеттік Думасының ТМД істері жөніндегі комитетінің сарапшысы Мамука Пипия Қазақстандағы сайлау барысы туралы пікірін білдірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Пипияның айтуынша, барлық партия мен кандидаттарға тең жағдай жасалған. Ол партиялар арасындағы бәсекелестік пен күрестің адалдығын атап өтті.

«Біз барлық кандидатқа сұрақтар қойдық, ешқандай келіспеушілік жоқ, жалпы тәртіп бұзылған жоқ. Жастардың бұл үдерістерге көптеп тартылғанын көріп отырмын, бұл өте маңызды. Айтарым – барлығы бірқалыпты, тыныш өтіп жатыр», - деді ол.

Сарапшы сайлау күні ТМД Парламенттік Ассамблеясы бақылаушыларына сайлау учаскелерінде толық еркіндік берілгенін айтты. «Егер қандай да бір заңбұзушылықтарды байқасақ, бұл туралы сайлау барысы кезінде бірден айтамыз. Әрине, кейін осы үдерістердің барлығы бойынша қорытынды шығарамыз», - деді ол.

23 тамызда Қазақстанда және одан тыс жерлерде жаңа бір палаталы парламентке сайлау өтіп жатыр.