Сайлау күні елдегі жағдай тұрақты, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелген жоқ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгін полиция қызметі дауыс беру басталғаннан аяқталғанға дейін қоғамдық тәртіптің сақталуы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, барлық дайындық алдын ала жүргізілді. Сайлау учаскелерінің қауіпсіздігі тексеріліп, олар тәулік бойы күзетке алынды.
Ішкі істер министрлігінде жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Елдің барлық өңірінен ақпарат үздіксіз, онлайн режимде түсіп отыр. Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелген жоқ.
Айта кетері, полиция сайлау процесіне араласпайды. Полиция қызметкерлері дауыс беру залына сайлау комиссиясының төрағасы шақырған жағдайда ғана кіре алады.
