АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Абу-Дабиде өтетін келіссөз барысында Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша ілгерілеушілікке қол жеткізіледі деп үміттенеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Осы аптада Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасында ақпан айынан бері алғаш рет үшжақты келіссөз өткізу жоспарланып отыр.

Бұған дейін АҚШ президентінің өкілі Джаред Кушнер Вашингтон Украинадағы қақтығысты реттеу перспективаларын еуропалық серіктестерімен талқылауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Ал ілгерілеушілік болған жағдайда келіссөз форматын еуропалық тараптардың тікелей қатысуымен кеңейту көзделіп отыр.

«Ертең Абу-Дабиде белгілі бір ілгерілеушілікке қол жеткізілуі мүмкін. Ол жаққа Джаред (Кушнер – ред.) пен Стив (Уиткофф – ред.) барады. Менің білуімше, олар жол жүріп кетті», – деді Рубио журналистерге.

Бұған дейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Абу-Дабидегі келіссөзде тараптар қауіпсіздік кепілдіктерін, шиеленісті бәсеңдетуді, гуманитарлық мәселелерді және бейбіт реттеуге бағытталған келесі қадамдарды талқылайтынын хабарлаған.