Ресейге визасыз кіру құқығы бар барлық шетелдік азаматтар 1 шілдеден бастап "RuID мемлекеттік қызметі" қосымшасын пайдалануға міндетті болады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік Думаның бақылау жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Гусев РИА Новостиге берген сұхбатында: "1 шілдеден бастап Ресейде барлық визасыз шетел азаматтарын елге кірген кезде 'RuID' қосымшасын пайдалануды міндеттейтін жаңа талап күшіне енеді", - деді.
Гусевтің айтуынша, "RuID" қосымшасын енгізу – тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі. Өтінім елге кіруге дейін 72 сағаттан кешіктірілмей берілуі керек. "Айта кету керек, бұл жасанды кедергілер тудыру мақсатында жасалып отырған жоқ", - деді депутат.
Бұл талаптың Беларусь азаматтарына, алты жасқа дейінгі балаларға, дипломаттарға, қызметтік төлқұжаттардың иелеріне және ресми делегациялардың мүшелеріне қатысы жоқ.
