Ресейдің Уфа қаласында 15 жастағы жасөспірім шетелдік студенттер тұратын жатақханаға пышақпен шабуыл жасап, бірнеше адамды жаралады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Оқиға Башқұртстан астанасында болған. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірім ғимарат ішіндегі адамдарға тап берген. Шабуылдаушыны полиция қызметкерлері көп ұзамай ұстады. Ұстау кезінде ол өзін жаралап, қазір ауыр халде ауруханада жатыр.

Зардап шеккендер арасында Үндістан мен Африка елдерінен келген студенттер, жатақхана күзетшісі және оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары бар. Кейбір студенттер бөлмелеріне тығылып үлгерген. Сондай-ақ жасөспірімнің петарда жарғаны белгілі болды, осыған байланысты аумақ қауіпті заттардың бар-жоғына тексерілді.

«Куәгерлер бұл тұрмыстық жанжал емес, нақты шабуыл болғанын айтады. Олардың сөзінше, жасөспірім нәсілшілдік сипаттағы ұрандарды айқайлаған. Сондықтан шабуыл ұлтаралық араздық негізінде жасалған болуы мүмкін.»

Алайда шабуылдың нақты себебі ресми түрде расталған жоқ.

Ресейде мұндай оқиға бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Осыдан екі ай бұрын Мәскеу маңындағы мектептердің бірінде Тәжікстаннан келген 10 жасар бала қаза тапқан еді.

Фото: Әлеуметтік желіден