Ресейдің алты қаласының тұрғындары Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне келіп, Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилердің рухына тағзым етуде. Олардың қатарында Ресейде тұратын қазақстандықтар да бар. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

25 қыркүйек күні таңнан бастап Мәскеудегі ҚР елшілігінің ғимаратына және Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Астрахань және Екатеринбург қалаларындағы бас консулдықтарға гүл қойылуда.

Адамдар қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге тез сауығуды тілеуде. Елшіліктің электрондық поштасына да көңіл айту хаттары келіп түсуде.

«Ресейдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде көңіл айту кітаптары ашылды. Оларға Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Василий Осьмаков, РФ СІМ ТМД елдері жөніндегі үшінші департаментінің директоры Александр Стерник, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және ТМД Бас хатшысының орынбасары Денис Трефилов өз жазбаларын қалдырды. Көңіл айтқандардың қатарында — Ресейдегі Австралия елшісі Джон Гиринг, Ресейдегі Беларусь елшісі Юрий Селиверстов, Омбы вице-мэрі Елена Дячук және басқалар», — делінген Қазақстанның РФ-дағы Елшілігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кетті. Үшеуі құтқарылды, 14-і қаза тапты. 25 қыркүйек күні таңертең соңғы екі жоғалғандардың — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды. Осыдан кейін іздестіру операциясы аяқталды.

25 қыркүйек ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Мемлекет басшысына мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсуді жалғастыруда.

Бұған дейін «Курсив» теңізшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қазақстан Қорғаныс министрлігінің бес офицері ұсталғанын жазған болатын. Немқұрайлылық және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс Бас прокуратураның ерекше бақылауында. Төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін Үкімет төрағасының орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Вице-премьер Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан теңізшілердің отбасылары өздеріне тиесілі барлық төлемдерді кідіріссіз алатынын уәде етті.