Ресей Мемлекеттік Думасында Орталық Азия елдеріне қатысты көші-қон саясатын қатаңдату ұсынылды. Бастаманы «Әділетті Ресей» фракциясының жетекшісі Сергей Миронов көтерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мироновтың айтуынша, «Крокус Сити Холл» терактісінен кейін заңнамаға енгізілген өзгерістерге қарамастан, қолданыстағы көші-қонды реттеу шаралары жеткіліксіз.
«Біз жалпы Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізуге болады деп есептейміз. Бірақ ең болмағанда Беларусь принципі бойынша жасайық», – деді депутат.
Ол шетелдік жұмыс күшін тартудың беларусь үлгісін қолдануды ұсынды. Оның айтуынша, жұмыс беруші алдымен жергілікті тұрғындардың қажетті жұмысты орындай алмайтынын дәлелдеуі керек. Осыдан кейін, Мироновтың пікірінше, елге отбасын әкелу мүмкіндігінсіз нақты жұмыстарды орындау үшін тек ер адамдар келуі тиіс.
Сондай-ақ депутат өзінде бар мәліметтер бойынша, Ресейге келетін шетелдіктердің тек бір бөлігі жұмысқа орналасу үшін келетінін мәлімдеді.
«ІІМ деректері бойынша, келушілердің 45% жұмыс істеуге ниетті. Ал қалған 55% не үшін келеді? Олар отбасын, балаларын әкеледі, кейін орыс тілін білмей мектепке барады. Сондықтан мигрант балалары үшін міндетті орыс тілі емтиханы туралы заңды мүлдем дұрыс деп санаймын», – деді Миронов.
Бұдан басқа, фракция жетекшісі қылмыс жасаған шетел азаматтары үшін жауапкершілікті күшейтуді жақтады.
«Мигрант заңды бұзды – заңның толық ауырлығымен жауап беруі керек, ал бүкіл отбасы, бүкіл клан дереу Ресей Федерациясынан депортациялануы тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар, Миронов шетел азаматтарына жұмыс істеуге тыйым салынатын экономика салаларының тізімін кеңейтуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай шектеулер Ресей өңірлерінің жартысынан көбінде қолданылады және ұқсас шараларды федералды деңгейде қабылдау керек.
Депутат сөз сөйлеу барысында аралас жекпе-жек клубтарындағы мигранттардың көптігі оны алаңдататынын да айтты.
«Кез келген өңірдегі кез келген ММА клубына кіріңіз! Онда біздікілер жоқ, онда бәрі мигранттар! Олар неге дайындалып жатыр? Не үшін? Бұл қатты алаңдатады!» – деді Миронов.
