Ресейде еңбек миграциясын, соның ішінде денсаулық сақтау саласын қатаң бақылау жоспарлануда. Мемлекеттік Дума Кеңесінің алдағы отырысында шетелдік медицина қызметкерлерін жұмысқа орналастыруға квота енгізу мәселесі қаралады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володиннің айтуынша, қазіргі уақытта Ресейде 192 кәсіп бойынша шетелдік мамандарды қабылдауға шектеу жоқ, оның ішінде 38 дәрігерлік мамандық және 46 орта медициналық персонал лауазымы бар.

Сонымен қатар, депутаттар өкілеттіктердің бір бөлігін Ресей Еңбек министрлігінен Ішкі істер министрлігіне беруді талқылауда. Атап айтқанда, бұл еңбек мигранттарын тартуға болатын кәсіптер тізбесін бекіту құқығына қатысты. Володиннің пікірінше, бұл еңбек миграциясы саласындағы бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

«Біздің елімізде, әсіресе денсаулық сақтау сияқты салаларда, орыс тілін білетін жоғары білікті мамандар жұмыс істеуі керек», – деді Дума спикері.

Өзгерістердің қажеттілігін ол анықталған бұзушылықтармен түсіндірді. Ресей Бас прокуратурасының мәліметінше, өткен жылы шетелдік дипломдары бар медиктерді аккредиттеу кезіндегі бұзушылықтар елдің 27 өңірінде анықталған. Тағы 17 өңірде шетелдік дәрігерлер міндетті біліктілік тексерусіз жұмысқа қабылданған.

Володин сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен тұруға рұқсат ала алатын білікті шетелдік мамандарға арналған кәсіптер тізбесі 200-ден астам мамандықтан 29-ға дейін, яғни шамамен 10 есеге қысқартылғанын еске салды.

Оның айтуынша, ресейлік өңірлер еңбек патенті бар мигранттарды тартуға шектеулер енгізуді жалғастыруда. 2024 жылы мұндай шаралар 43 субъектіде қолданылса, қазір олар 56 өңірде енгізілген.

Мемлекеттік Дума төрағасы 2024 жылдан бастап ресейлік парламент заңсыз көші-қонға қарсы 27 федералды заң қабылдағанын, алайда еңбек миграциясын реттеудің жекелеген мәселелері әлі де жетілдіруді қажет ететінін мойындады.

Бұған дейін «Курсив» Ресейде шетелдіктер үшін азаматтық пен тұруға рұқсаттың 12 есе қымбаттайтыны туралы жазған болатын.