Ресейдің «Уралдронзавод» компаниясының бас директоры Владимир Ткачук көліктегі жарылыстан ауыр жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ТАСС мәліметінше, жарылыс Большой Исток қаласында Ткачук отырған көлікте болған. Жергілікті 66.RU және Е-1 басылымдарының хабарлауынша, қауіпсіздік қызметкерінің міндетін атқарған жүргізуші қаза тапқан.
Жедел қызметтердің мәліметінше, кәсіпорын басшысының жағдайы ауыр деп бағалануда.
Оқиғаға байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің 105-бабының 2-бөлігінің «е» тармағы бойынша («Жалпыға қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіру») қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Уралдронзавод» Ресей тарапының Украинаға қарсы соғыста қолданатын «Упырь» ұшқышсыз ұшақтарын шығарады.
ТАСС сонымен қатар Владимир Ткачуктың 2025 жылдың қаңтарынан бастап украиндық «Миротворец» сайтының дерекқорына енгізілгенін хабарлайды. Ресурс деректеріне сәйкес, оған «Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғу» және Ресейді ашық қолдау айыптары себеп болған.
