Ресейде WhatsApp мессенджері мен YouTube видеохостингіне кіру толығымен шектелді, енді бұл сервистерді VPN-сіз пайдалану мүмкін емес. Бұл шешім олардың домендерін Ұлттық домендік атаулар жүйесінен алып тастауға байланысты қабылданған, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
«Коммерсантъ» басылымының мәліметінше, осы өзгерістен кейін ел ішіндегі құрылғылар аталған ресурстардың IP-мекенжайларын ала алмай қалған. Бұл іс жүзінде сервистердің толық бұғатталғанын білдіреді.
РБК сарапшылары мұндай қатаң шараны техникалық қиындықтармен байланыстырады. Олардың пікірінше, Роскомнадзордың жабдықтары YouTube, WhatsApp және Telegram-ға бір уақытта жасалған қысымға төтеп бере алмаған. Сондықтан ведомство өз ресурстарын соңғы аталған мессенджерді тиімдірек шектеуге қайта бөлген.
Дегенмен Роскомнадзордың ресми мәлімдемесі басқаша. Мекеме бұл тыйымдардың кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын, оның себебін сервистердің деректер қауіпсіздігі саласындағы ресейлік заңнама талаптарын орындамауымен түсіндірді.
Фото: Әлеуметтік желіден
