Ресей НАТО-ға Калининград облысын Ресей Федерациясының қалған аумағынан оқшаулауға әрекет жасалса, ядролық қару қолдануға дайын екенін ескертті. Бұл туралы Reuters танысқан дипломатиялық нотада айтылған. НАТО-да Мәскеуді ядролық қорқытуларды тоқтатуға шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатта Мәскеу альянсты «қауіпті және абайсыз бағыт» ұстануда деп айыптады, ол «тікелей қарулы қақтығыстың басталуының жоғары қаупін» тудырады. Ресей тарапы сондай-ақ ықтимал қақтығыстың басынан бастап НАТО елдеріндегі шешім қабылдау орталықтарына соққы беру мүмкіндігін жоққа шығармады.
«Ресей, егер НАТО елдері Калининград облысын елдің қалған бөлігінен оқшаулауға бағытталған қандай да бір әрекеттер жасаса, өз аумағын қорғау үшін өз қарамағындағы барлық күштер мен мүмкіндіктер арсеналын, соның ішінде ядролық қаруды пайдалануға дайын болады», — делінген дипломатиялық нотада.
Калининград облысы — Балтық теңізі жағалауындағы, Польша мен Литва арасында орналасқан Ресей анклавы.
Ресей СІМ өкілі Мария Захарова Мәскеу өз ескертулерін адресаттарға жеткізуді күтетінін мәлімдеді. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай үндеулерді «Еуропадағы қызған бастарға» дипломатиялық еске салулар деп атады.
НАТО Бас хатшысы Марк Рютте альянс қорғаныс сипатында екенін мәлімдеп, Ресейді ядролық қорқытулардан бас тартуға шақырды.
«Біз — қорғаныс альянсымыз. Ядролық қорқытуларды тоқтатыңыз. Бұл мүлдем қажет емес және пайда әкелмейді», — деді Рютте.
Ресей нотасына жазбаша жауабында НАТО өзінің оқу-жаттығулары мен басқа да іс-шаралары Ресей аумағына қауіп төндірмейтінін атап өтті.
«Біз Ресей Федерациясын Украинаға ешбір себепсіз басталған толық ауқымды басып кіруді тоқтатуға шақырамыз. Біз Ресей Федерациясын одақтастарға қатысты барған сайын абайсыз мінез-құлықтан бас тартуға және жауапсыз ядролық риторикасын тоқтатуға шұғыл шақырамыз», — делінген альянс жауабында.
Балтық елдері үшін ядролық қауіптің шынайылығы туралы сұраққа Рютте теріс жауап берді.
«Жоқ, олай емес. Путин НАТО-ны ешқашан жеңе алмайтынын біледі, сондықтан мен мұны байыпты қабылдамаймын», — деді ол Брюссельдегі қорғаныс конференциясында.
