Ресей әскері сенбіге қараған түні Киевке баллистикалық зымырандар мен дрондармен қарқынды шабуыл жасап, кемінде 3 адам қаза тауып, оннан астам адам жараланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Киев мэрі Виталий Кличко Telegram-дағы хабарламасында Соломян ауданындағы бес қабатты тұрғын үй сынықтардың құлауынан зақымданып, адамдар әлі де қираған үйде қалуы мүмкін екенін, ал аулада өрт шыққанын жазды.
Кличконың айтуынша, Шевченко ауданындағы тағы бір тұрғын үйде бірінші және екінші қабаттардың жартылай құлауы салдарынан адамдар қамалып қалған. Сонымен қатар, Дарницкий ауданындағы қойма ғимараттары өртеніп жатыр.
Бұл шабуыл Ресейдің екі күн бұрын Украина аумағына жасаған ірі баллистикалық зымыран және дрон шабуылынан кейін болды. Сол шабуылда 10 бейбіт тұрғын қаза тауып, 50-ден астам адам жараланған еді, сондай-ақ ресейлік зымыран Польша әуе кеңістігіне енген болатын.
Президент Владимир Зеленський Украинаның Ресейдің зымыран шабуылдарына қарсы тұру үшін АҚШ пен басқа да Батыс серіктестерінен қосымша Patriot зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін алу қажеттігін алға тартып келеді.
Жұма күні кешке украин көшбасшысы АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен сөйлесіп, апта басында Вашингтонда Дональд Трамппен өткен кездесуді «оң және нәтижелі» деп сипаттағанын айтты.
