Ресей Финляндияда ядролық қаруды орналастыруға салынған тыйымның алынып тасталуына байланысты саяси және әскери-техникалық шаралар қабылдайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова РИА Новостиге берген түсініктемесінде Финляндия билігінің тыйым салуды алып тастау туралы шешімі Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін атап өтті. Ол бұл қауіптерді жою үшін қосымша саяси және әскери-техникалық жауап шаралары қажет болатынын мәлімдеді.

«Мұндай шаралар уақтылы және тиімді түрде қабылданатынын ешкім күмәнданбасын», - деді Захарова.

Бұған дейін Финляндия президенті Александр Стубб Ядролық энергия туралы заңға және Қылмыстық кодекске елде ядролық қаруды әкелуге, өндіруге, сақтауға және пайдалануға салынған тыйымды алып тастайтын түзетулерді мақұлдаған болатын.