Қазақстан шекарасында есірткімен ұсталған ресейлік танымал рэпер Navai қамаудан босатылып, елден шығарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратты Жамбыл облысының полиция департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, рэперге қатысты қылмыстық іс заңнама талаптарына сәйкес тоқтатылған.
«Құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны және шын жүректен өкінгені ескеріліп, іс тоқтатылды. Қабылданған процестік шешімді қадағалау органы бекітті», – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ полиция шетелдік азаматтың Қазақстаннан шығарылғанын мәлімдеді.
Еске салайық, Астанаға концерт қоюға келе жатқан рэпер Navai Қордай кеден бекетінде есірткімен ұсталған. Кейін оның екі айға қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады.
Рэпердің ұсталуына байланысты Ресей Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми дипломатиялық нота жолдаған еді.
