Қазақстанда қылмыстық рақымшылық аясында түрмеден босатылғандардың саны жарияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаевтың айтуынша, бүгінде соттарға рақымшылық жасау туралы 10 мыңға жуық ұсыныс жіберілді. Соның ішінде 4 400 ұсынысты түрмелер жолдаса, 6 900-ден астамын пробациялық қызметтер дайындаған.
«Қазіргі кезде соттар мыңнан астам материалды қарап шықты. Нәтижесінде қылмыстық атқару жүйесі мекемелерден 620 адам босатылды», - деді Рыспаев бүгінгі брифингте.
Түрмеден босатылғандардың бәрі әкімшілік бақылауға алынады. Ал пробациялық қызметтер жіберген өтініштердің негізінде есепте тұрған 724 адам жазадан босатылды. Сонымен қатар, сотталған 730-дан астам адамның жаза мерзімі қысқартылды.
«Қылмыстық рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталған бойынша материал жеке қаралады. Ал түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды», - деді Рыспаев.
