Ішкі істер министрлігі әкімшілік рақымшылық аясында есептен шығарылған айыппұлдардың көлемін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтың айтуынша, ішкі істер органдарының бағыты бойынша амнистия шамамен 590 мың азаматқа қатысты қолданылды.

«Соның нәтижесінде оларға қатысты 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылды», - дейді Қабденов.

Осы орайда комитет басшысы рақымшылықтың бір реттік ізгілік шарасы екенін еске салды. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды.

«Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады», — деп атап көрсетті Қабденов.

Айта кетері, әкімшілік рақымшылық аясында салық органдары да айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарады.