Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Президент өз құттықтауында бұл айдың рухани тазару мен жанашырлыққа үндейтін ерекше кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, ораза адам бойына шыдамдылық, қарапайымдылық және адалдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіреді.
««Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл», – деді Мемлекет басшысы.»
—
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті айдың басталуын елдегі ауқымды өзгерістермен байланыстырды. Ол республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасының маңызына тоқталды.
Президенттің сөзінше, бұл құжат мемлекеттілікті нығайтып, саяси институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге бағытталған.
««Біз Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі», – деп атап өтті Тоқаев.»
—
Сөз соңында Президент барша мұсылман қауымына игі тілегін арнады.
