Қызылордадағы ойын-сауық саябағында 19 жасар жігіт аттракционда жарақат алды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Жарияланым авторының айтуынша, оқиға «Арай» саябағында болған. Кадрлардан жігіттің аяғы аттракционның астында қалғаны көрінеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жарияланымда зардап шеккен жігіттің қатты қан жоғалтқаны және қатты ауырсынғаны айтылады. Әлеуметтік желі қолданушыларын жігітке көмектесу үшін қан тапсыруға шақырды, себебі оның жағдайы ауыр деп сипатталды.

Қызылорда облыстық полиция департаменті еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл ережелерді бұзу абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соқты.

«Қазіргі уақытта осы іс бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», — деп мәлімдеді полиция.

Тергеу Қызылорда облыстық полиция департаментінің бақылауында.

Бұған дейін «Курсив» Атыраудағы «Авангард» шағын ауданындағы ойын саябағында өрт болғанын хабарлаған болатын – от аттракциондар мен ойын-сауық нысандарын шарпыған.