Қызылордада полицейлер кешкі уақытта жоғалған 6 жасар қызды аман-есен іздеп тапты, деп хабарлады Polisia.kz. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Заңғар Нұрадинов пен ювеналды полиция инспекторы Дамир Ахметулла хабар алған бойда іздестіру жұмыстарына кірісті.

«Полицейлер аула аумағын аралап, баланың жүрген жерін анықтау мақсатында жедел шаралар қабылдады. Тәртіп сақшылары іздестіру барысында дыбыс күшейткіш құрылғы арқылы қыз баланың аты-жөнін атап, тұрғындардан көмек сұрады», — деп жазылған хабарламада.

Бүлдіршін ойнап жүріп, үйінен алыстап кеткені анықталды.

«Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде қыз бала аман-есен табылып, анасына тапсырылды», — дейді полицейлер.

Осы ретте полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, оларды қараусыз қалдырмауға және қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстауға шақырды.