Қызылордадағы Достық үйінде республикалық референдумға орай «Халықтық Конституция – қуатты мемлекет» атты сарапшылар кездесуі өтті, оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Жиынға мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, бизнес қауымдастығының өкілдері, ғалымдар, саяси партия жетекшілері мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде конституциялық реформаның ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

««Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты. Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің іргелі негіздері, басты құндылықтары мен дүниетанымдық ұстанымдары жүйеленіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Жалпыхалықтық референдум Тәуелсіз Қазақстанның алдағы даму кезеңін айқындап, ел тарихында жаңа белестің басталуына негіз болады деп сенеміз. Ұлтымыздың тарихына алтын әріппен жазылатын алдағы маңызды саяси кезеңде Сыр жұртшылығы еліміздің шынайы патриоты ретінде азаматтық ұстанымдарын білдіріп, жаңа Конституцияның жобасын қолдайды деп сенеміз. Баршаңызды осы іске жоғары жауапкершілікпен белсенді атсалысуға шақырамын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.»

Сондай-ақ жиында облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Наурызбай Сейітқалиұлы және басқа да қоғам белсенділері сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі