Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында құдықтан ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

20 жастағы Мейіржан Рүстемнің денесі құдықтан табылды. Түнде ұйқыға жатқан жігітті таң ата туыстары орнынан таппаған. Бірден іздеуге кіріскен туыстары жігіттің денесін бір тәуліктен кейін ғана табады.

Марқұмның өліміне күдікті ретінде 16 жастағы туған інісі ілініп отыр. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға болардан бұрын үйде бірнеше рет ақша жоғалған. Марқұм жігіт ол үшін інісін кіналап, ескерту айтып, тәрбиелемек те болған. Қайғылы жағдайға ағайынды екі жігіттің арасындағы жанжал себеп болған деген болжам бар.

Полиция қылмыстық іс қозғады. "1 маусымда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғынын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамалды", - дейді Қызылорда облысының полиция департаментінде. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.