Қызылорда полиция департаменті 8 қазанда қала тұрғыны Александр Ивановты өлтіру фактісі бойынша үш күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамағанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«8 қазанда Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы оқиға бойынша үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген 26 қазанда жарияланған хабарламада.
Полиция іс бойынша алынған барлық бейнежазбаларды зерделегенін атап өтті. Оқиғаға басқа адамдардың қатысуы мүмкіндігі туралы мәліметтер тексерілуде. Әрбір фигуранттың рөлі мен қатысу дәрежесіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Тергеу барысы қалалық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Бұған дейін БАҚ Қызылордадағы кафе маңында белгісіз адамдардың шабуылынан кейін 20 жастағы қала тұрғыны Александр Ивановтың қаза тапқанын хабарлаған. Марқұмның жалғыз жақын туысы — әділеттілікке жетуге тырысып, қатыгез өлтірудің мән-жайлары объективті тергелмей қалуы мүмкін деп қауіптенетін қарындасы.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға 8 қазанда болған, Александр Иванов достарымен кафеде демалған. Оның қарындасы куәгерлерге сілтеме жасай отырып, жанжал марқұмның бір жолдасы мен жергілікті диджей арасында басталғанын, ол жанжалдан кейін таныстарын шақырғанын хабарлады. Сол уақытта Александр Иванов темекі шегуге далаға шыққан, онда оған болжам бойынша 8-9 адамнан тұратын топ шабуыл жасаған. Нәтижесінде жас жігіт үш жерден пышақ жарақатын алды — арқасынан, кеудесінен және жүрегінен. Кейін дәрігерлердің күш салуына қарамастан, ол реанимацияда қайтыс болды.
Марқұмның қарындасы тергеу барысында ықтимал бұзушылықтар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеуші оған ағасының қайтыс болғаны туралы хабарламаған, ақпаратты өзі анықтауға тура келген. Қыздың мәлімдеуінше, өлтіруге күдікті ретінде тек бір адам — Шынжырбай Т. ұсталған.
