Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп еліміздің 18 өңірінде «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымында микрокредит беру кезінде азаматтарды жаппай алдаудың жолын кесіп, алаяқтық әрекетті әшкереледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың тамызында ұйым ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Оның құны қарыз сомасына қарай белгіленіп, қарыз алушының негізгі берешегіне қосылған.
«Клиенттерге бұл қызметтің ақысын төлемейінше микрокредит ала алмайтынын немесе қарызды қайтару мерзімін ұзарта алмайтынын айтқан. Ал ақылы қызметтен бас тартуға болатынын жасырған. Салдарынан қарыз алушылар қолына тиесілі сомадан аз ақша алғанымен, қарызды сыйақысымен қоса толық қайтаруға міндеттелген», — дейді агенттік.
Микрокредитті қайтару мерзімі ұзарған сайын ақылы кеңес беру қызметі қайта рәсімделіп отырған. Барлығы 43 мың азаматпен ақылы кеңес беру қызметіне қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалған.
Микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
