Қызылордада кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан басқарма басшысы айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас прокуратураның мәліметінше, жедел ден қою шарасы прокуратура органдарымен алдын ала келіспей қолданылған. Тиісті шешім келісуге оны қабылдағаннан кейін ғана жолданған.

Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде шешімнің негізсіздігіне байланысты оны келісуден бас тартылды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында қала прокуратурасы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Аталған актіні қарау нәтижесінде инвесторға қатысты заңсыз қолданылған жедел ден қою шарасының күші жойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін қалалық басқарманың басшысы мен бас маманы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың әрқайсысына 432 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Прокурорлардың айтуынша, инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде заңдылықты қамтамасыз ету прокуратура органдары қызметінің басым бағыттары болып табылады.